Ж.Түймебаев Ташкентте Абай мәдениет орталығын ашуды ұсынды

Ж.Түймебаев Ташкентте Абай мәдениет орталығын ашуды ұсынды

Версия для печати

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев бастаған қазақстандық делегация жұмыс сапарымен Өзбекстан Республикасына барды. Бүгін жұмыс сапары аясында Жансейіт Қансейітұлы Өзбекстанның Министрлер Кабинеті жанындағы сыртқы елдермен достық байланыс және ұлтаралық қатынас жөніндегі Комитет Төрағасы Р.Құрбановпен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың даму жолдарын талқылады.

Кездесуде Ж.Түймебаев қазақ-өзбек ынтымақтастығының бүгінгі күні кезең талаптарына сай жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Екі ел арасындағы дипломатиялық қатынас 1992 жылдың 23 қарашасында орнатылған болатын. Тарихы тамырлас, бауырлас елдердің алыс-беріс, барыс-келісі үшін барлық қолайлы жағдай жасалған. Әсіресе, екі елдің шекаралық аймақтарындағы сауда-саттықтың өсімі жоғары. Жансейіт Қансейітұлы өз сөзінде тұрмыс-салты ұқсас, тарихы ортақ халықтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың беріктігін де тілге тиек етті. Биылғы жылдың Өзбекстандағы Қазақстан жылы деп жариялануы - өзбек елінде қазақтың мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын дәріптеген көптеген ғибратты шаралардың өтуіне мұрындық болғаны анық.

«Осы іс-шаралар аясында Ассамблея «Қазақстанда тұратын өзбек халқының фольклоры» кітабын әзірлеу мен шығаруға атсалысты. Және ертең біз Ташкентте бұл кітаптың таныстырылымын өткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

2018 жылы Ассамблея мен Өзбекстанның Министрлер Кабинеті жанындағы сыртқы елдермен достық байланыс және ұлтаралық қатынас жөніндегі Комитетімен Меморандумға қол қойылған болатын. «Біз елдер арасындағы достықты жоғары бағалаймыз. Және біздің қарым-қатынасымызды жаңа сапалы деңгейге көтеруге әзірміз», - деген Ж.Қансейітұлы қос елдің ұйымдары арасында 2020-2022 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсынды. «Қазақ-өзбек ынтымақтастығы бойынша соңғы жылдары қол жеткізілген жетістіктер екі туыс елдің байланысының беріктігін дәлелдейді. Нұр-Сұлтан қаласында Ассамблеяның қолдауымен өзбек этномәдени орталықтары биыл үшінші жыл қатарынан өзбек шайыры Әлішер Науаи шығармашылығына арнап әдеби кеш ұйымдастырып келеді. Қазақстанда 2020 жылы ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы тойланады. Осы тұрғыда Ташкент қаласында «Абай мәдениет орталығын» ашу туралы қазақстандық бастамаға қолдау білдіруіңізді сұраймыз», - деді Ж.Түймебаев. Осы жылдың 11 қыркүйегінде Отандастар қоры Өзбекстанда «Абай мәдениет орталығы» Қазақ үйін ашу туралы бастама көтерген болатын.

Сондай-ақ, Ж.Түймебаев Өзекстанның Олий Мажлисімен Қазақстан Парламентінің арасында тұрақты диалог орнату туралы ұсыныс білдірді. «Біз Парламентте Ассамблея атынан сайланған көпұлтты Қазақстан халқының ортақ мүддесін білдіретін тоғыз депутатымыз арқылы парламентаралық бағыт бойынша ынтымақтастықта жұмыс жасауға әзірміз», - деді Ж.Қансейітұлы.

Өзбекстанның Қазақстан үшін Орталық Азиядағы негізгі серіктес екендігі анық. Бүгінде екі ел арасындағы тауар айналымын арттыру, сондай-ақ, өндіріс кооперациясы, ауылшаруашылығы, көлік және транзит салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша шаралар қабылдануда. «Ассамблея құрылымында кәсіпкерлер ассоцияациясы жұмыс жасайды. Осы негізде экономикалық серіктестіктің перспективті бағыттары бойынша ынтымақтастықта жұмыс жүргізуімізге болады», - деген Ж.Түймебаев таяу уақытқа жоспарланған бизнес-форумға Өзбекстанның бизнес өкілдерін қатысуға шақырды.

«Екіжақты қарым-қатынастың динамикасына баға бере отырып, Қазақстан алдағы уақытта да стратегиялық ынтымақтастықты, жан-жақты серіктестікті дамытуға күш салуға мүдделі екенін айтқым келеді», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Айта кету керек, Жансейіт Қансейітұлы сапар кезінде Өзбекстанның мемлекет қайраткерлерімен кездесіп, «Орталық Азия – біздің ортақ үйіміз» І халықаралық конференцияға, Өзбекстандағы қазақ диаспорасы мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен өтетін Елбасының жалпыұлттық келісім үлгісіне арналған дөңгелек үстелге және «Қазақстанда тұратын өзбек халқының фольклоры» кітабының таныстырылымына қатысады деп жоспарланған.

 

Back to the list