Достықта шекара болмайды!

Достықта шекара болмайды!

Версия для печати

Ел ертеңі жастар! Бүгінгі ұрпақ бүгінгі аға буынна қандай іс-әрекет көрмек, соны өз дәуірінде жалғастыратын болады. Демек, елдің болашағы мен кемел келешегі жастардың қолында. Олар ертеңгі күні де бейбіт өмір мен тарих сахнасындағы Қазақстанның гүлденген шағын жалғастыра алуы керек. 

Олар жалпыұлттық бірлік пен бірегейлікті, халықтар достығын, ұлыстар ынтымағының қаймағын бұзбай сақтауы тиіс. Сондықтан біздің әр ісіміз оларға үлгі аларлық әрі өнегеге толы болуы керек.

Осыған орай Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы өңірлік Достық үйінде «Достықта шекара жоқ» тақырыбында халықаралық жастар мәдени жобасын ұйымдастырды. 

Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының» 93, 94, 97 тармақтары бойынша жүзеге асқан аталмыш жоба қараша айының 15-16 күндері өтті.


Шараға Қырғызстан Республикасы және Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының белсенді жастары, сарапшы-жаттықтырушылар мен лекторлар қатысты.

Жобаның негізігі мақсаты -­ жас ұрпақты жалпыұлттық бірлік пен халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға үндеу, патриотизмге тәрбиелеу, сондай-ақ мәдениетаралық шығармашылық диалогты дамытудың жаңа формаларына бастамашылық ету.

15 қарашада жоба шымылдығы салтанатты түрде түрілгеннен кейін жастар Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Ғылыми-зерттеу тобының мүшесі, педагогика ғылымдарының кандидаты - Рысты Калдыханқызы Керимбаева және М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Педогогика және психология» кафедрасының оқытушысы - Раушан Темиргалиевна Байбосынованың «Менің құндылықтарым» атты семинар-тренингіне қатысты. Сондай-ақ, тренинг барысында жастар асықтан жасалған түрлі бұйымдарды көрмеде тамашалады. 


Семинар аяқталғаннан кейін Алатаудың арғы бөктерінен келген айыр қалпақты ағайынның жастары Тараз қаласының көркем әрі көне жерлерін аралап саяхат  жасады. Дәл осы уақытты «Қазақтану» жобасы бойынша  Достық үйі ауласында аймақтық ассамблеяның белсенді жастары киіз үй тұрғызып, оның әрбір элементтерімен танысты.

Екі күнге созылған жастар мәдени жобасының екінші күні «Жастардың инновациялық әлеуеті» атты көрме тамашалаумен басталды. Көрмеде жастар түрлі қылқалам шеберлерінің ерекше, асқан шеберлікпен салынған  картиналарымен де танысты. 

Көрмені тамашалау аяқталғаннан кейін Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми-сараптамалық тобының бас сарапшысы Альбина Маратқызы мен Замана Назимқызы «ҚХА жас елшілері» конференциясын өткізді. Конференцияға арқау болған негізгі тақырып «Селфбрендинг».


Конференция барысында бүгінгі күннің басты брендтері мен блоггерлері және интернет желісіндегі танымалдық туралы кеңінен ой қозғалып, ортаға салынды. Конференция барысында облысымызға белгілі блогер Исламбек Дастан бүгінгі күннің бренді туралы өз ойымен бөлісті.

«Бүгінде менің посттарымның халыққа тез таралуының себебі қате жазуымда. Қандай ой айтсам да постта қатені өте көп жіберемін. Бұл оқырманның көңілін аудартып әрі жарияланымның рейтингін көтереді» -дейді белгілі блогер.

Аталмыш тақырып аясында облыстық «Ақ желкен» және «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенді жастары Махусеев Зайнуддин, Лигостаев Артур, Турдыева Хамида, Мухтасимова Алина, Прияхина Русалина және Қырғыз елінен келген қонақтар жастар арасындағы бренд түсінігінің мағынасы мен ондағы ерекшеліктер туралы атап көрсетті.

Конференция соңында сөз алған облыстық ассамблеяның төраға орынбасары, хатшылық меңгерушісі Маржан Төреғұлқызы селфбрендинг тақырыбының мағынасы ашып көрсетіп, жастардың бойынан байқаған күш-жігері және ерекше форматта өткен конференция туралы ойымен бөлісті. Хатшылық меңгерушісі достықты ту еткен іс-шараның ұлттар арасындағы қарым-қатынасын одан әрі нығайта түсетінін баса айтты.

Конференция аяқталысымен жастар «Жамбыл облысы этномәдени бірлестік өкілдерінің салт-дәстүрлері мен мәдениеті» жобасы аясында «Этномириада» атты тимбилдинг өткізді. Жастар арсындағы бұл сайыс жастардың да қазылар алқасы құрамы мен көрермендерге де ерекеше көңіл күй сыйлады. Тартысты өткен тимбилдинг соңы аталған жоба аясында және «Қазақтану» жобасы негізінде «Қазақ қонақжайлығының ерекшеліктері» тақырыбына сай қонақтар мен өңірлік жастарға қазақ халқының ұлттық тағамдары жент, мәйсөк, құрт, бауырсақ және ішінде кәмпиттер толтырылған қоржындар таратылды.

Жоба ары қарай Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ мәдени көпшілік іс-шаралар ұйымдастыру бөлімінің «Шекара дос жүрегін бөлмейді» атты концерттік бағдарламасымен жалғасты. Концертте елімізге белгілі Оңал Азаматова, Сұлужан Әбеновалар қырғыз тілінде ән салып қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйласа, Әлішер Боранбаев және Ақбота Қосақбаева, «Болашақ» вокалдық триосының әншілері таланттарымен тамсандырды. Сондай-ақ, облыс ассамблеясының «Инфинити» және «Үкілім-ай» би топтары әр ұлттың билерін биледі.

Кеш соңы Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Махсудқызының қонақтар мен белсенді жастарға сый-сияпат тарту етуімен тәмамдалды.

Back to the list