«Болашағымды қазақ тілімен байланыстырамын»

«Болашағымды қазақ тілімен байланыстырамын»

Версия для печати

Мен Солтүстік Қазақстан облысы Қазакстан халқы Ассамблеясы Әзербайжан этно-мәдени бірлестігінің белсенді мүшесімін. 4-ші курс студентімін. Ұлтым – әзербайжан. Мен қазіргі кезде орыс, қазақ, ағылшын, әзербайжан және түрік тілдерін білемін және осы тілдерде еркін сөйлеймін. Көп тілді білу – заман талабы деп ойлаймын.

Қазақ тіліне деген қызығушылық мектеп кезінен бастап пайда болды. Орыс мектебін бітірдім. Жоғары оқу орнында да орыс бөлімінде білім алып жатырмын. Соған қарамастан, қазақ тілін меңгердім, алдағы уақытта да мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруге өз үлесімді қосамын. Дана халқымыз “Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте” деп бекер айтпаған.

Елбасының «Қазір өз тағдырын Қазақстанмен байланыстыратын адамның бәрі – баласына қазақ тілін үйретіп жатыр» деп айтқан сөзі бар. Менің ата-анам Тұңғыш Президенттің осы тапсырмасын бұлжытпай орындады деп нық сеніммен айта аламын. Біздің отбасымыз болашағын тек қазақ тілімен және сүйікті Отанымыз Қазақстанмен байланыстырады.

Өйткені мемлекеттік тілді білу – өмір талабы, заман сұранысы, қоғам қажеттілігі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қазақ тілі біздің коғамда сұранысқа ие болу тиіс. Олай болса, тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында әрбір қазақстандық өз азаматтық міндетін атқаруға қажет.

Ойымды Елбасымыздың сөздерімен аяқтағым келеді: - «Мен бүгінгі ұрпақтың үш тіл білуін қолдаймын. Мемлекетік тіл – мемлекет құрушы ұлттық тілі, ал орыс тілін білуі – ұлы байлық. Ағылшын тілі ілгерілеушілік пен технологиялардың тілі болғандықтан біз оны үйренуге тиіспіз. Ал қазақ тілі барлық Қазақстанды біріктіріп, жақындастырып өзара түсіністік пен сүйіспеншілікке жетелейді».

Біз – жастар мемлекеттік тілді терең меңгеріп, ұлтаралық қатынас тіліне айналдыруға міндеттіміз!


Шахнияр Аллахярова,

Солтүстік Қазақстан облысы

әзербайжан этномәдени

бірлестігінің мүшесі, студент


Back to the list