Башқұрт мәдени күндері өтті

Башқұрт мәдени күндері өтті

Версия для печати

Елордалық Достық үйінде «Акбузат» башқұрт этномәдени орталығының тарихи отандары Башқұртстан Республикасының 100 жылдығына орай, жергілікті халыққа өздерінің ұлттық өнері мен құндылықтарын паш етті. Аталмыш шараға отандастарын қолдау мақсатында Башқұртстаннан Ф. Гаскаров атындағы мемлекеттік академиялық халықтық би ансамблінің жетекші өнерпазадары келді.  


Нұрсұлтандық башқұрт ұлтының өкілдері дәстүрлі киімдерін киіп, тарихтарын таныстырар сурет көрмесін ұйымдастырды, сондай-ақ, келушілерге ұлттық дастарханнан дәм ұсынды.

Шара кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Шерзод Пулатов «Акбузат» башқұрт этномәдени орталығының төрағасы Урал Азнабаевтың бұған дейін Маңғыстау өңірінде қызмет атқарғанын, бүгінгі күні башқұрт халқының ұлттық құндылықтарын жаңғырту мен дәріптеуде елеулі іс атқарып жүргенін айтып, оны «Ассамблеяның 20 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапаттады.


Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы fссамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова, башқұрт этномәдени орталығының құрылған 2 жыл ішінде үлкен жетістіктерге жетіп үлгергенін айтты. «Акбузат» башқұрт этномәдени орталығы арқылы башқұрт халқының өте әдемі әлемімен, әуезді  музыкасымен, тағылымды салт-дәстүрімен таныстық», - деді Л.Құсайынова.


Шараға қатысушыларға Башқұртстаннан келген биші Миляуша Хайбуллина мен музыкант Загир Зайнетдинов және «Акбузат» этномәдени орталығының өнерпаздары керемет кеш сыйлады. 


Загир Зайнетдинов башқұрттардың ежелгі саз аспаптары – кубыз бен курайда түрлі музыкалық әуендерді әуелетті. Оның ішінде башқұрттардың халық әндері, шетел туындылары, тіпті өзінің шығармалары да болды. «Менің шығармашылық лақап атым Зайнедин. Сахнаға 4 жасымнан бастап шықтым. Мұнда өзімнің жобаммен келдім. Бұл этно шоу деп аталады, мен бір туындыны алты-жеті аспаппен орындаймын. Әлем бойынша осы жазда тоқсаннан астам концерт бердік. Қазақстанда мұндай этномәдени бірлестіктердің жұмыс жасайтыны керемет», - дейді өзінің шығармашылығын таныстырған З.Зайнетдинов. 


Ал Миляуша Хайбуллина «Загида», «Әппақ», «Зульхиза» билерін мың бұрала орындады. «Ұлттық би академиясында 13 жылдан бері жұмыс жасап келемін. Біздің қойылымдарымызда қазақ билері де бар. Себебі, біз тек өзіміздің мәдениетімізді ғана таныстырып қоймаймыз, әлем халықтарының билерін де орындаймыз. Қазақстанда тұратын башқұрттарға қолдау көрсету үшін келдік. Осы жылы біздің республикамыздың 100 жылдығы аталып өтіледі. Сондықтан бұл өзге елдерде тұратын башқұрт ұлтының барлық өкілдері өздерінің тарихын, мәдениетін, ұлттық аспаптары мен музыкасын ұмытпасын деген ниеттен туған шара болатын. Біз Қазақстанда башқұрт ұлттық биінен, музыкалық аспаптарда ойнаудан шеберлік дәрістерін өткіздік. Маған ұнағаны, шеберлік дәрістеріне тек башқұрттар ғана қатыспады, оған Қазақстанның өзге де тұрғындары қызығушылық танытты. Мен үйретіп қана қоймай, олардан үйреніп, кәсіби биші ретінде тәжірибе алдым. Қазақстанда бізді қабылдайтын, қолдайтын мұндай халықтар достығының айғағы ретінде Ассамблеяның жұмыс жасайтынын естіп, қатты қуандым. Бізді құшақ жая қарсы алды. Біз шынында бауырлас елдерміз. Тіпті би қимылдарымыз да, әшекейлеріміз де ұқсас», - дейді Қазақстанға келуді ұнатамын деген М.Хайбуллина.  


«Бұл біздің елордалық Ассамблеяның құрамына кіргеннен кейін Достық үйінде алғаш рет ұйымдастырған концертіміз. Башқұртстан Республикасының 100 жылдығына орай, башқұрт мәдени күндерін өткізуді ұйғардық. Ел аралап, ұлттық өнерді таныстырудың сыры бар. Башқұртстан Республикасының басшысы башқұрлардың ұлттық биінің халықтар арасында танымалдылығын арттыру туралы тапсырма берген болатын», - дейді «Акбузат» башқұрт этномәдени орталығының басшысы Урал Азнабаев.


Ал 3-ші қараша, жексенбі күні башқұрт өнерпаздарының мұрындық болуымен Достық үйінің ауласында башқұрт биінен флеш-моб ұйымдастырылды.


 


Back to the list