«Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға мүмкіндік зор»

«Қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға мүмкіндік зор»

Версия для печати

Қасым-Жомарт Кемелұлы сұхбатында тіл мәселесіне қатысты бірқатар ойларды тайға таңба басқандай етіп, мағыналы мысалдармен жеткізіпті. Мақалада айтылған әрбір ойдың маңызды салмағы – елдік мәселе.

Әсіресе, бүгінде елімізде қазақ тілін еркін меңгерген біз сияқты өзге этнос өкілдеріне көптеген мүмкіндіктер қарастырылатыны қатты қуантты. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген сөзін есімізден шығарған емеспіз. Тілдің төрден орын алуына біздің де қосар үлесіміз зор деп білемін.

Владимир Чепель замандасым жаңа айтып өткендей, ХХІ ғасыр - интернет заманында қазақ тілін жетік меңгеру арқылы әлеуметтік желілерде қазақ тілінде сауатты блоктар жүргізіп, жазбалар қалдырып, қазақ тілінің қанаты кеңге жайылуына үлес қосуға дайынбыз. Максим мен Владимирдің бастамасын қолдаймыз, «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» парақшаларының тұрақты қолданушысы болуға уәде береміз, сол арқылы қазақ тілін – этносаралық қатынас құралына айналдыруға жол ашамыз деп ойлаймын.

Президент мақаласында қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру мақсаты да өзекті екені айтылады. Бұл да еш қиналмай жүзеге асыруға болатын жұмыс деп білемін. Мысал ретінде алсақ, еврей халқының тілі – иврит, бұдан он жылдар бұрын өлі тілдер қатарына жатқызылған еді. Еврей халқының табандылығының арқасында иврит – бүгінгі таңда ғылым тіліне айналып, қайта қолданысқа түсті. Қазақ тілінің қолданыс аясы, Құдайға шүкір, ондай халде емес, ғылым тіліне айналдыру үшін алдымызда тұрған еш кедергі жоқ.

Президент технологиялар мен роботтар басты рөл атқаратын жаңа дәуірдегі игілікті өмірге тарихтан сабақ ала отырып бару керектігін айтады. Өйткені тарихымыздың әр бір парағы бізге мол тәжірибе бере алатындай мазмұнды. Көнерген сөздерді тауып, қайта айналымға енгізуіміз керек деп ойлаймын. Өйткені, көнерген сөздер барша түркіге ортақ дүние.

Мысалға алсақ, Ахмет Байтұрсынұлының «төте жазуын» 1929 жылғай дейін Орталық Азия елдері мен Әзербайжан, Моңғолия сынды елдерде пайдаланды. 1940 жылға дейін латын графикасын пайдаланған барша түркі халықтары өзге халық тілдерінде жазылған кітаптарды еркін оқи алды. Тағы бір мысал, Ұлы Абайдың 37 қара сөзі саналып жүрген «Китап Тасдиқ» шығармасын түпнұсқадан оқып көріңіз. Шағатай тілінде жазылған бұл кітапты өзбек, қырғыз, татар, ұйғыр,... бар түркінің ұрпақтары аудармасыз-ақ емін-еркін оқи алады. Шағатай тілінде Яссауи бабамыздан бастап, Әлішер Науаи, Махмуд Қашғари, Ахмет Югнеки сынды ұлылардың шығармалары толып жатыр. Көнерген сөздерімізді қайта жаңғыртсақ, қолданысқа енгізсек, тарихи пайдасы мол болар еді.

Қазіргі таңда Қазақстан өркениет көшіне ілескен озық елдердің сапында ілгері дамып келеді. Ал, бұл ретте елімізде қазақ тілінің ғылым тіліне айналдыруға мол мүмкіндік туып отыр. Сондықтан да, тіл мәртебесінің биік тұғырдан орнығуына, сөздік қорымыздың көкжиегін қазақ тілін үйрену арқылы кеңейтуге Сіз бен біз болып атсалысайық! Қазақ елінің игі бастамаларын қазақ тілі арқылы жалғай берейік дегім келеді.

Алишер Сатывалдиев,

Түркістан облыстық «Жанубий Қозоғистон»

қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы


Back to the list