Арменияда Халықаралық әйелдер күні 1 ай бойы тойланады

Арменияда Халықаралық әйелдер күні 1 ай бойы тойланады

Версия для печати

Көктемнің жайма-шуақ күніндей нұрын төгетін арулардың мейрамы да келіп жетті. 8 наурыз халықаралық әйелдер күні болғанымен, әр елдің өзіндік ұстанымына сай, түрлі дәстүрмен атап өтіледі. Кеңінен айтсақ, Армения Республикасында мереке бір ай бойы тойланады екен.

Салумян Саак, «Ван» армян мәдени орталығының төрағасы:


Расымен де, Арменияда наурыздың сегізінен сәуірдің сегізіне дейін думанды күн. Әлбетте, осы мерекенің ең басты кейіпкері – әйелдер қауымы. Әйел деген біздің жарымыз, қызымыз, әпке-қарындасымыз және адамзаттың ұрпағын жалғастыратын ақ жаулықты ана. Бұл айтулы күннің толық мәнін ашар болсақ, тек құрмет көрсететін емес, әйелдердің сұлулығын, көркемдігін, адалдығын, инабаттылығын, жанұядағы орнын насихаттайтын күн. Бүгінгі заманға дейін қыздардың аталған қасиеттері жоғары бағаға ие болды. Сол құндылықтар жоғалып кетпеуі үшін біз оларды барынша аялап, қадірлеп жүруіміз керек.

Иә, «аруларға күн сайын мереке арнасақ та көптік етпейді». Тосын сый жасаудың түрлі әдісімен таңқалдыратын түрік халқының пікірі осындай екен.

Әскер Пириев, «Ахысқа» түрік этно-мәдени орталығының төрағасы:


Түркияда 8 наурыз ХХ ғасырдың 30 жылдарынан бері бейресми мерекеленіп келген. Тек 1984 жылы ғана ресми мәртебе берілді. Содан бері жыл сайын атап өтетінін білемін. Одан бөлек мамыр айының ортасында Аналар күні мерекесі бар. Түріктер отбасы құндылығына баса мән бергендіктен, олардың ешқайсыcын да атаусыз қалдырған емес. Өйткені, әйел-ана отбасының шамшырағы, ұйытқысы емес пе?!

Қоса кетсек, түріктер бұл күні отбасындағы қыз-келіншектерге көбіне алтын әшекей-бұйымдар, таныстары мен әріптестеріне тәтті тағамдар сыйлауды дәстүрге айналдырған.

Ал Корея елінде бұл күн мейрам емес. Кәрістер 14 наурызда ғана «Ақ күн» мерекесін тойлайды. Аты өзгеше болғанымен, дәл біздікіндей жігіттердің қыздарға сыйлық беретін күні. Тек сыйлық ішінде міндетті түрде тәтті шоколад болуы керек.

Ким Александр Геннадьевич, Нұр-Сұлтан қаласы кәрістер этномәдени бірлестігінің төрағасы:


Шынымды айтсам, 8 наурыздың Кореяда қалай тойланатынын білмейді екенмін. Қазақстанда туып-өскендіктен, ес білгелі еліміздегі мерекені көріп келемін. Бұл күнде қыздарға, аналарымызға гүл сыйлау, құрметтеу, оларға көмектесу сияқты әрекеттер көрініс тапқанымен, негізгі идеясы басқада деп білемін. Бүгінде біз әйелдер қауымына «ол – қыз, ол – отанасы, ол – ана» деген статуспен ғана қарап, «сол үшін оларды құрметтеуіміз керек» деген тар түсінікпен шектеліп жүрміз.

Қарап отырсақ, қазіргі таңда әйелдер мен ерлердің дәрежесі теңесіп келеді. Бұрын отбасында тек ерлердің айтқаны ғана болса, қазір әйелдермен ақылдасады. Аға буын менің пікіріммен келіспеуі мүмкін, алайда заман өзгеріп жатыр. Соған сәйкес, олардың қоғамдағы орны да жоғарылауда. Сөзімізге билік басында отырған, түрлі әлеуметтік-қоғамдық ұйымдардың басшылығында жүрген қыз-келіншектер дәлел бола алады. Кезінде тек ерлерге ғана арналған дейтін бокс, футбол, күрес секілді спорт түрлерінің өзінде әйелдер арасында чемпиондар шығып жатыр. Бұл өте қуантарлық жағдай.

Әйелдер отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, мемлекетіміздің дамуына айрықша үлесін қосуда. Мен осындай қолынан барлық іс келетін, қаласа батыр, қайраткер бола алатын, кейде ерке, гүлдей нәзік жан боп, өміріміздің мәні мен сәніне айналған аруларымызды, аналарымызды төл мерекемен шын жүректен құттықтаймын!

Жоғарыда айтылғандай, әр мемлекетте 8 наурыздың тойлануы да, мереке болып қалыптасуы да өзгеше. Біздің елімізде де мейрамның шығу тарихына байланысты түрлі болжамдар бар. Алайда, олар бұл айтулы күнде барша асыл жанды құттықтап, құрмет көрсетуге еш кедергісін келтірмейді. Мерекелеріңізбен!

Back to the list