Қарағанды: Соғыс ардагері Бүркіт Есжанов Достық үйінің «Белсенді өмір орталығының» белсенді мүшесі

Қарағанды: Соғыс ардагері Бүркіт Есжанов Достық үйінің «Белсенді өмір орталығының» белсенді мүшесі

Версия для печати

Қарағандыда 97 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Бүркіт Есжанов тұрады.Майданға 1941 жылы 19 жасында аттанған ол, ұшқыштар училищесін аяқтап, әскери әуемеханик мамандығын алып шыққан. Алғашқыда жаяу әскер қатарында болған ардагердің айтуынша, қаза тапқандар көп болған, өзінің қаншама ауыр жарақаттан кейін аман қалуының себебі тек көрер жарығы болғаннан дейді.


Госпитальде біраз уақыт емделген соң, ұрыс даласына қайтып оралады. 5-ші атқыштар дивизиясының қатарында жүріп, Екінші дүниежүзілік соғыстың ең күрделісі саналатын - Курск түбіндегі шайқасқа қатысты. Соғыс даласындағы ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен, сондай-ақ, көптеген мерейтойлық наградалармен марапатталды.


Соғыстан кейін солтүстік-шығыс Қытай мен Моңғолияны жапондықтардан азат етуге қатысып, 1948 жылы отанына оралып, отбасын құрады. Өмірлік серігі Күмісжан апамен 8 бала тәрбиеледі. Бейнеттің ащы дәмін татқан қария бүгінгі өміріне, немерелер мен шөберелердің әрбір жетістігіне дән риза.

Бүркіт ата сондай ақ, Қарағандының Достық үйінде ашылған «Белсенді өмір орталығының» белсенді мүшесі, бірнеше жыл қатарынан жүзумен де шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанады.


Қарағанды облысы Ассамблеясының өкілдері ақсақалды құттықтап қайтты.

«Ең бастысы, соғыс атаулы болмасын. Қазақстан келісім мен бейбітшіліктің арқасында бүгінде ашық аспан астында өмір сүруде. 97 жасқа келген ғұмыр жасымда барлық қазақстандықтарға бейбіт өмір тілеймін. Туған елімізді сүйіңдер! Бір-біріңді қолдап, сенім мен ынтымақты қадірлеңдер»,- дейді ардагер.

Back to the list