Қарағанды: Бірлік мерекесін Ассамблея қайырымдылықтан бастады

Қарағанды: Бірлік мерекесін Ассамблея қайырымдылықтан бастады

Версия для печати

Қайырымдылық шаралардың басы – қасында жүрген адамдарға қол ұшын беруді Қазақстан халқы ассамблеясы өкілдері айшықты мереке күні де жалғастырды. Жыл сайын дәстүрлі мерекелік палауды өз қолымен әзірлейтін «Бірлік» өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахтияр Исхаков қазіргі жағдайда алдыңғы шепте еңбек етіп жүрген жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлеріне және Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне дәм ауыз тигізуді жөн көрді.


«Қазақ қашаннан да бауырмал халық қой. Әр кезеңдерде елден пана іздеп келген өзге ұлт өкілдерінің бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Сөйтіп, қаймағы бұзылмаған қазақ жері бүгінде көпұлтты мемлекеттің біріне айналып отыр. Ынтымақ ырысты еселейді. Бірліктің береке бастауы екенін ұғынған қазақ халқы бұл мерекеге үлкен жауапкершілікпен қарайды. Осы мейрамды жыл сайын асыға күтеміз. 1995 жылдан бастап дәстүрлі түрде палау дайындап, дәм татқызатыным бар еді. Осы жолы да карантинге қарамай, дәстүрді бұзбай «Біз біргеміз!» акциясына үн қосайық деген ниет бұл», — дейді бірлестік төрағасы Б. Искахов.

Індеттің беті қайтпай тұрған шақта дәрігердің антына адалдығы біздің де көңілге медеу, жанымызға тіреу. Күллі әлемді жаулаған індеттің аясы ұлғайған бұл шақта күн мен түннің ауысқанына қарамай алдыңғы шепте дертпен күресіп жүрген осынау жандардың әрқайсысына айтар алғыс шексіз. Осы орайда ақ халаттылардың еселі еңбегін ескерген Ассамблея мүшелері 80 адамға арнап әзірленген мерекелік палауды мединица қызметкерлеріне ілтипатпен табыс етті. Сондай-ақ, азық-түлік себеттерін де қоса берді.

«Сіздер антқа адал екендеріңізді байқаттыңыздар. Ел мен жерді ауру шарпыса ең алдымен соны емдеймін деген ұстанымға берік екендеріңізді көрсеттіңіздер. Сіздер біздің заманның қаһармандары, бүгінгінің батырларысыздар. Мереке күні сіздерге деген тарту-таралғымызды ықыласпен қабыл алыңыздар», — деп лебізін білдірді облыстық Полония поляк қоғамының төрағасы Виталий Хмелевский.

Биыл Ұлы жеңіске - 75 жыл. Осы бір сұрапыл кезеңде ерлік танытқан көнекөз қариямыздың бірі — Бүркіт ақсақал. Ардагердің алтын басын сыйлап, мерекемен арнайы құттықтап шыққан этномәдени бірлестіктердің өкілдері қарияның ақ батасын алды.

«Біз ел мен жердің амандығы үшін қолға қару алып, майдан шебінде болдық. Жеңіске жеттік. Қанша отандастарымыз мерт болды. Бірақ, соңында Қазақ деген бейбіт ел қалды. Міне, мені ескеріп, ымыра-бірліктің бар екенін айқындап, арнайы келіп отырған жайларың бар. Көңілім көтеріліп қалды. Елге береке тілеймін», — деп өзінің елге деген ыстық ықыласын жеткізді Бүркіт ақсақал.

Back to the list