You are here

Павлодарлық зиялы қауым өкілдері латын әліпбиі туралы пікір білдірді

13.09.2017, 11:37   304

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Павлодар қаласындағы «Қоғамдық келісім» сарайында «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің біріңғай стандартын енгізу мәселелері» атты қоғамдық тыңдау болды.

Шараға жергілікті билік өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар және ұстаздар қатысып, өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаевтың сөзінше, алдағы уақытта осы жүйеге арнайы мұғалімдерді даярлау және тұрғындардың барлық санатын оқыту қолға алынады. Сондай-ақ, тиісті оқу әдістемелік құралдар шығару, латын графикасын үйрету үшін қосалқы мобильді қосымшалар және ақпараттық бағдарламалық кешендер құру қажет.

- Мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Қазақ әліпбиін латын жазуына ауыстыру – үлкен жобалардың бірі» деп атап өтті. Бұл бірден туындаған мәселе емес. Елбасымыз алғаш 2006 жылы  Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында көтерген болатын.  Ал, 2012 жылдың желтоқсан айында Қазақстан халқына Жолдауында «2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын жазуына көшіруіміз керек» деген еді. Қазір осы бағытта нақты стратегиялық міндеттер қойылды. Жыл соңына дейін латын әліпбиінің  жаңа нұсқасы белгіленіп, бекітілетін болады. Жалпы, Латын әліпбиіне көшеміз дегенде кириллицамен басылған кітаптар мен оқулықтар қажетсіз болып қалады деген қауіп жоқ. Осыдан 10 жыл бұрын жазылған дүниелерді латыншаға аударатын арнайы жүйе жасалған. Оның көмегімен «Абай жолы» романын 3 минуттың ішінде латын тіліне ауыстыруға болады, - дейді Мейрам Бегентаев.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Бекен Сағындықұлының cөзінше, ұсынылған соңғы нұсқа дүниежүзілік қолданысқа негізделіп алынған.

- Кеше қазақ елі үшін үлкен бір өзгерістің басы басталды. Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінде латын графикасының соңғы нұсқасы талқыланды. Бұл маған ұнады. Әсіресе таңбалардың ұзын сонарға салынбай, 25 таңбамен бекітілуі. Бұл негізі үйретуге де, оқуға да жеңіл. Мәселен алдыңғы нұсқаларда қазақтың төл дыбыстарын таңбалау үшін екі үш ноқат қосымша қоятын. Ал, жаңа әліпби нұсқада дүниежүзілік қолданыста жүрген екі таңбаның қосындысымен белгіленеді. Яғни, артық таңбалар жоқ. Мұны қабылдауға болады, - дейді Бекен Сағындықұлы.

Жиын барысында «Нұр Отан» партиясының Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Илья Теренченко, облыстық мәслихат хатшысы Владимир Берковский, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Алтынбек Нұқұлы, «Нұр ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова өз пікірлерін білдірді.

Тілеуберді Сахаба

www.pavlodarnews.kz

 

Байланыс

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан Республикасы
010000, Астана қаласы 
Сол жағалау, Үкімет үйі

e-mail: info_rgy@mail.ru

 тел.: + 7 7172 74 12 13

          + 7 7172 74 12 15