Павлодарда қазақтың көне мерекесі «Сабатой» қайта жаңғырды

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Қазақ халқының ежелгі ұлттық мейрамының бірі – Сабатой. Бүгінде  ұмыт болған бұл дәстүрді ата-бабамыз жаз мезгілінің басталуына сәйкес сән-салтанатымен атап өтетін болған. Тәңірлік танымнан бастау алатын көне мерекені павлодарлықтар қайта жаңғыртты. Сенбі күні этноауылда Сабатойға тән әдет-ғұрыптар орындалып, қонақтарға қымыз үлестірілді.

Мерекені павлодарлықтармен бірге облыс әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова және қала қонақтары тамашалады.

Партия хатшысы Павлодарда бастау алған Сабатой алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде жалғасын тапса деген тілегін білдірді.

«Өз басым Сабатой мейрамының болашақта ұлттық мерекеміз Наурыз тәрізді ауқымы кеңейіп, өзіне тән бағасын аларына сенемін. Бұған дейін павлодарлықтар «Қымызмұрындық» ғұрпын жандандырып, елдің ықыласына бөленгенін жақсы білеміз. Бүгінде бұл ғұрыпты атап өтпейтін ел жоқ», - деді Тамара Дүйсенова.

Сабатойды елмен қайта қауыштырған облыстық «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова қонақтарға мейрамның нышандары – саба мен торсықты таныстырып, аталмыш мейрамның тарихына кеңінен тоқталды.

«Сабатой» мерекесі – ежелгі баба түркілік тәңірлік танымнан бастау алатын ұлық мейрамдарымыздың бірі. Мұны Наурыздан кейін екінші мейрам ретінде атауға болады. Мерекенің мазмұнында халықтың жайлауға көшуі, көшбасын тіреген мекенді аластауы, жерді ағарғанмен суару жоралғылары бар. Сонымен қатар мұнда ауыл жастары қыз бен жігіт айтысын тамашалап, алтыбақан басында жиналып, жамбы ату, көкпар тәрізді ұлттық ойындарымыз ойнатылатын болған. Көріп тұрғандарыңыздай, біз де бұл дәстүрлердің бәрін көрсетуге тырыстық», – деді Бақытжамал Максилова.

Шара барысында қонақтар қыз бен жігіт айтысын, облыстық әжелер байқауын, жергілікті өнерпаздардың өнеріне қанық болды. Ал қонақтарға Сабатойдың алғашқы қымызын аймақта «Қымызмұрындық» дәстүрін кеңінен насихаттап кеткен ел анасы, марқұм Зара Қожахметованың немересі ұсынды. Аудандар мен қалалар арасында ұйымдастырылған байқауда Ақсу қаласы жеңімпаз болып, Сабатойдың эстафеталық кубогына ие болды. Сонымен қатар әжелер арасында ұйымдастырылған «Асыл әже» байқауының бас жүлдесі С. Мұқалақоваға бұйырса, «Алтын оймақ – шебер әже» аталымында З. Әубәкірова, «Білгір әжеде» Т. Мұқатова жеңімпаз болды.

Сабатой мейрамының жобасын жасаған – танымал мәдениеттанушы, этнолог Серік Ерғали.

Қарлығаш Хашымқызы

Жаңа пікірді жазу

Plain text

  • No HTML tags allowed.
  • Веб-парақтар және e-mail мекенжайларын автоматты түрде сілтемеге аударады.
  • Жол және абзац үзілімдері автоматты түрде қойылады.