You are here

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл: тарихи өлшем

29.11.2016, 13:01   342

Версия для печатиPDF versionEPUB version

Достық үйінің мәжіліс залында Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне  - 25 жыл: тарихи өлшем» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараның ұйымдастырушылары - облыстық ҚХА хатшылығы мен Павлодар облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесі. Конференцияға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ЖОО мұғалімдері мен студенттер, ғылыми-зерттеу мекемелерінің мамандары мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.

 Конференцияның пленарлық отырысына қатысып, сөз сөйлегендердің қатарында хатшылық меңгерушісі, облыстық ҚХА төрағасының орынбасыры Жетпісбаев Сейсембай Қалижанұлы, облыстық «Эльбрус» қарашай-черкес және қабарда-балқар этномәдени бірлестігінің төрайымы Байрамқұлова Мария Алботқызы, облыстық ҚХА төрағасының қоғамдық орынбасары, Т.Шевченко атындағы украин этномәдени бірлестігінің төрағасы Парипса Михаил Сергеевич, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих факультетінің деканы Садықов Тілеген Садықұлы,  Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Еуразиялық зерттеулер кафедрасының меңгерушісі, профессор Дүкенбаева Зада Оразғалиқызы, Павлодар облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-зерттеу тобының төрайымы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мамытова Сәуле Нәсенқызы, Қанат Даржұман атындағы ұлттық жаңғыру мектебінің поляк филологиясының мұғалімі польшалық Дронг Мария мен Болгариядан шақыртылған болгар филологиясының мұғалімі Иорданова Галина болды.

Садықов Тілеген Садықұлы, тарих ғылымдарының докторы, Л.НГумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих факультетінің деканы:

- Тамырын тереңге жайған Қазақ елі үшін «Мәңгілік ел» идеясы заңдылық, себебі, мұның аясында қазақ халқының мыңдаған жылғы дүбірлі тарихынан, тәуелсіздік жылдары жүріп өткен даңғыл жолынан, бүгінгі нақты атқарылған істер арқылы қол жеткізілген жетістіктерінен туындаған ұлттық идея жатыр. Әлемдік тәжірибеге жүгінсек, кез-келген ел өз дамуының белгілі бір жетістікті кезеңіне жеткен кезде ұлттық идеясын қалыптастыруға деген қажеттілікті сезінеді. Бүгінгі күні елімізде болып жатқан түбегейлі өзгерістер, мемлекетті дамытуға бағытталған тұжырымды қадамдар жасампаз әрекеттерге жетелеп отыр. Сондықтан, ұлттық идея ел дамуындағы сара жолының жаңа белесіне көтерілу барысындағы қоғамдық қатынастар мен мемлекеттің саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени, рухани және басқа да тетіктерін біріктіру міндеті туындаған тұста пайда болады.

Бүгінгі таңда әлем кеңістігіндегі тыныштықтың бұзылып, жағдайдың шиеленісіп жатқан кезеңінде, тіпті, өзгелерді былай қойғанда кешегі күні өзімізбен бауырлас болған мемлекеттердің басына қара түнек төніп, тәуелсіздіктері сынға түсіп жатқанда Елбасы өзінің көрегендігімен Қазақстанның болашағын нақты айқындап, ата-бабамыздың салып берген сара жолын жалғастырушы саясаткер екендігін көрсетті. Оған мына бір жолдар айқын дәлел: «Мәңгілік ел» ата-бабамыздың сан мыңдаған жылдар бойғы асыл арманы екені баршамызға белгілі. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең, әлем қатынасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді, ол арман тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты ел болу еді. Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргесін қаладық.

Мен қоғамда «қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек» деген сауалдың жиі талқыланатынын естіп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстыра ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздік арқасында халқымыз мәңгілік мұраттарға қол жеткізді, еліміздің жүрегі - Елорда тұрғызылды. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ Мәңгілік Қазақтың перзенті. Ендеше Қазақ Елінің ұлттық идеясы Мәңгілік ел».

«Мәңгілік ел» идеясы – Қазақ елі үшін заңдылық, себебі, бұл – қазақ халқының мыңдаған жылғы тарихынан, Тәуелсіздік жылдары жүріп өткен жолынан, бүгінгі нақты істер арқылы қол жеткізген жетістіктерінен туындаған ұлттық идея. Бұл идеяның қазіргі Қазақстан қоғамының бірлігін одан әрі нығайтатын ұлы күш екені даусыз.

Іс-шара барысында пленарлық отырыс жұмысы терең әрі қызу талқылаулар өткен «Тәуелсіздік және Елбасы», «Қазақстан халқы Ассамблеясы теңдесі жоқ бірегей қоғамдық институт», «Жастар және ұлттық тәуелсіздік құндылықтары» тақырыптарындағы секцияларының жұмыстарына ұласты.  

Сондай-ақ, осы күні Достық үйінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің еңбектері, Павлодар облысындағы жұмыс сапарларынан сыр шертетін құжаттар мен тарихи фотосуреттер қойылған көрменің таныстырылымы өтті. Бұл көрмені Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ұйымдастырды.

Айтпаев Мақсат

Байланыс

Қазақстан халқы Ассамблеясы

Қазақстан Республикасы
010000, Астана қаласы 
Сол жағалау, Үкімет үйі

e-mail: info_rgy@mail.ru

 тел.: + 7 7172 74 02 96

          + 7 7172 74 12 13

          + 7 7172 74 12 15